«Ұлылық – қарапайымдылықта»: Қайрат Нұртастың жұбайы Дулат Исабеков жайлы сыр шертті

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ол театр сахнасында жүрген шақтары туралы айтты

Фото: Instagram/zhuldyzabdukarimovaofficial

Әнші Қайрат Нұртастың жұбайы, актриса Жұлдыз Әбдікәрімова жуырда өмірден өткен жазушы Дулат Исабеков жайлы естелігін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол театр сахнасында жүрген шақтары туралы сыр шертті.

«Ұлылық – қарапайымдылықта, бірақ қарапайымдылықтың барлығы ұлылық емес!», деген тәмсілді 17 жасымда, репетициялық сахнада тұрып, осы ұлы адамнан естіген едім.

Дулат аға менің ұстазым Байтен Омаровпен жақын дос болды. Исабековтің шығармалары сахналанатын кезде репетицияға өзі арнайы келіп қатысатын.

«Кішкентай роль жоқ, кішкентай актер ғана болады» деп барлығымызды мұқият тыңдайтын», - деп еске алды актриса.

Ол сөзін жалғай отырып, студент шағындағы оқиға туралы ой бөлісті.

«Мен студент едім. Бір күні жазушының туған жері Арыс қаласына барып, спектакль қоятын болдық. Облыс, ауыл-аймақтың әкімдерінен бастап, үлкен-кішінің барлығы жазушының қолын алып, қабағын бағып, айтқанын екі етпей зыр жүгіріп жүрді. Исабековтің үйінде дастарқан жайылып, ас беріліп жатты. Келген сыйлы қонақтар кірсін деп біз студенттер шетте тұрдық. Сонда аға былай деді: «Мына жиналған жұрт сендердің яғни актерлердің өнерін тамашалауға келді. Сендерден сыйлы ешкім жоқ. Төр сендердікі. Кіріңдер ішке!», деп студент бізге құрметтің көкесін көрсетті.

Ол күндерден қалған Дулат ағамның әр сөзін, кеңесін ұмытпаймын, ұмыту мүмкін емес. Бұл ұлт деңгейіндегі руханиятымыз үшін ауыр қаза. Қазақ еліне, әдебиет әлеміне, марқұмның отбасына, өзі тәрбиелеген шәкірттеріне қайғырып көңіл айтамын.

Бақұл болыңыз қарапайым ұлы адам...» - деп жазды Жұлдыз Әбдікәрімова.