«Немолчи» қоры бір адам ғана тергеу изоляторында бір жылға отырып шыққанын жазды
Атырау облысының Құлсары қаласында бір топ жігіт 17 жастағы бозбаланы пышақтап, өлтіріп кеткен. Күдіктілер қазір бостандықта жүр. Бұл туралы «Немолчи» қоры жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қанды қылмыс болған оқиғаның видеосы көшедегі камералардың біріне түсіп қалған. Бірнеше ер адам Елдар отырған көлікке шабуыл жасайды. Жас жігіт аяғынан пышақ жарақатын алып, көп қан жоғалтқаннан қайтыс болды. Күдіктілер саны – 12 адам, олардың тек біреуі ғана тергеу изоляторында бір жылға отырып шыққан, қазір бостандыққа шықты. Ал тағы төртеуі әскерге кеткен.
«4-ші учаскенің жігіттері 1-шағын ауданның жігіттерімен сөзге келіп, Елдар отырған көлікке қарай жүгірді. Бірін сабап тастап, төртеуін кескілеп тастаған, салдарынан Елдар көз жұмды. Олар арнайы дайындалып, бірден суық қарумен шабуыл жасаған», - деп жазады «Немолчи» қоры.
Қордың мәліметінше, оқиға бойынша 12 адамның барлығы күдікті емес куәгер болған.
«Ұлым ол кезде 17 жаста болатын. Олар – бір топ жас жігіттер. Ұлым оларды танымайды екен. Олар басқа біреумен шатастырып алдық дейді. Оқиға 2024 жылдың 24 қаңтарында түнгі уақытта болған, ұлым мен достары тағы бір досын мейрамханадағы жұмысынан алып кету үшін барған.
Олар ішіндегі бір жігітті үйқамаққа жібере салған. Ал бізге ешнәрсе айтпаған. Адвокат жалдайтын қолымызда ақша да жоқ. Бізге заңды тұрғыда көмек көрсетулеріңізді өтінемін», - деп марқұм бозбаланың анасы «Немолчи» қорына хат жолдаған.