Басты күш сыртқы қауіппен күресуге бағытталуы керек
Еуропа одағы Украина президенті Владимир Зеленскийдің елде сайлау өткізуден бас тартуын қолдайды. Бұл туралы ЕО сыртқы істер министрлері кездесуінде Еуродипломатия басшысы Кая Каллас мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Калластың айтуынша, әскери қақтығыс кезінде сайлау өткізудің қажеті жоқ, себебі басты күшті сыртқы қауіппен күреске бағыттау керек.
«Сайлауда біз бір-бірімізбен күресеміз, ал қазіргі жағдайда сыртқы жау бар, сондықтан барлық күш соған жұмсалуы тиіс», – деді Каллас.
АҚШ пен Ресей арасындағы келіссөздер және ЕО-ның ұстанымы
25 ақпанда Каллас АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марк Рубиомен кездесіп, АҚШ пен ЕО арасындағы қарым-қатынас және Украинадағы бейбіт келіссөздер туралы пікір алмасуды жоспарлап отыр.
18 ақпанда Эр-Риядта АҚШ пен Ресей делегациялары арасында келіссөздер өтті. Ресей тарапынан: СІМ басшысы Сергей Лавров, президент көмекшісі Юрий Ушаков, РФПИ басшысы Кирилл Дмитриев қатысты. АҚШ тарапынан мемлекеттік хатшы Марк Рубио, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майк Уолтц және Таяу Шығыстағы арнайы өкіл Стив Уиткофф қатысты.