Өзінің гей екенін алғаш болып ашық айтқан имам қаза тапты

Автор: Дәулет Ботагөз

Ол 1996 жылы өзінің гомосексуал екенін ашық жариялап, әлемдегі алғашқы ашық гей имам ретінде танылған

Rodger Bosch/AFP/Getty Images

Оңтүстік Африкада өзін әлемдегі алғашқы ашық гей имам ретінде таныстырған Мухсин Хендрикс оққа ұшты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy CNN-ге сілтеме жасап. 57 жастағы діни қызметкер Кейптаундағы ЛГБТ қауымдастығы үшін ашылған мешітті басқарған.

Мухсин Хендрикс пен оның жүргізушісі көлігімен келе жатқанда, тағы бір көлік олардың жолын бөгеп, қашып кетуге мүмкіндік бермеді. Полицияның мәліметінше, бетперде киген екі күдікті көліктен шығып, автокөлікке оқ жаудырған.

ILGA (Халықаралық ЛГБТ қауымдастығы) атқарушы директоры Джулия Эрт бұл оқиғаны «өшпенділік негізінде жасалған қылмыс» ретінде қарастырып, тергеу жүргізуді талап етті.

«Ол Оңтүстік Африкада және әлем бойынша көптеген адамға сенімін табуға көмектесті, көптеген жанға ұстаз болды», — деді ол.

Мухсин Хендрикс 1996 жылы өзінің гомосексуал екенін ашық жариялап, әлемдегі алғашқы ашық гей имам ретінде танылды. Ол Оңтүстік Африкада ЛГБТ-мұсылмандарға қолдау көрсететін Inner Circle ұйымын құрды және ЛГБТ қауымдастығы үшін ашылған мешітті басқарды.

Айта кету керек, Оңтүстік Африка 2006 жылы бір жынысты некені заңдастырған алғашқы африкалық мемлекет болды. Алайда, елдегі ЛГБТ қауымдастығы әлі де кемсітушілік пен зорлық-зомбылыққа тап болып келеді.