$ 502.47  525.83  5.68
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Апамыз өмірден өткеннен кейін жаны жүдеп жүргендей көрінген»: Аида Балаева Дулат Исабековтың отбасына көңіл айтты

Осыдан екі-үш жыл бұрын жазушының аяулы жары өмірден озған еді

«Апамыз өмірден өткеннен кейін жаны жүдеп жүргендей көрінген»: Аида Балаева Дулат Исабековтың отбасына көңіл айтты
Фото: Ақорда

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бар қазақтың қайғысына ортақтасып, көңіл айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қадірлі қауым! Қазақтың қайталанбас қаламгері Дулат ағамыздың қазасына орай күллі қазақ еліне қайғыра көңіл айтамын.

Ұлттық әдебиетіміздің ұжданы, мақтанышы, айбары болған Дулат Исабеков қазақ прозасы мен драматургиясының көкжиегін кеңейткен, әдебиет әлемінде өзіндік өрнек салған біртуар қаламгер еді. Оның шығармалары талай буынның санасына ой салып, жүрегіне жол тауып, ұлт руханиятының қазынасына айналды», – деп жазды министр. 

Сөз арасында Балаева қаламгермен көп жылдар бойы етене жақын араласып, ақыл-кеңесі мен өнегесіне қанық болғанын еске алды. 

«Адами биік қасиеттерін, даладай кең пейілін жақыннан таныдық. Соңғы кездерде апамыз өмірден өткеннен кейін көңілі түсіп, жаны жүдеп жүргендей көрінген. Отадан шыққаннан кейін Алматыда арнайы жағдайын сұрап барғанымызда мұқалмас рухына, биік болмысына тағы бір куә болып, әлі де көп жас жасарына тілек етіп едік. Амал қанша?! Дулат ағамызбен бірге бір дәуір көшкендей», – деп жазады Аида Балаева. 

Дегенмен қаламгердің өлмес туындылары уақытпен бірге жасай берері хақ.

«Жазушының өлшеусіз еңбегі халықтың жүрегінде, жарқын бейнесі мен мол мұрасы ұрпақ жадында мәңгі сақталары сөзсіз. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен өз атымнан жазушының отбасы мен туған-туыстарына тағы да қайғыра көңіл айтамын. Ағамыздың жаны жәннатта, иманы саламат болсын!» - деп сөзін аяқтады ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.

Серіктес жаңалықтары