Қазақстан коронавирусты емдеуде гидроксихлорохинді қолдануды тоқтатты
Сапа жөніндегі бірлескен комиссияның кезекті отырысында COVID-19 коронавирус инфекциясының диагностикасы мен емдеуіне қатысты клиникалық хаттамаға өзгерістер енгізілді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова Facebook -тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Хаттаманың жаңа редакциясына екі қосымша қосылды – COVID-19 пневмониясымен ауырғандарды инфекциялық стационардан шығарған соң пациенттерді бақылау алгоритмі және COVID-19 науқастарында көктамыр тромбоэмболиясын диагностикалау және емдеу. Сондай-ақ, ПТР тестілеу мерзімі мен саны, емдік терапия (оның ішінде жаңа зерттеулер алынғанша гидроксихлорохин қолдану тоқтатылды) өзгертілді», - деп жазды вице-министр.
Оның айтуынша, симптомсыз формасын емдеу тактикасы өзгертілді (үй карантиніне алу). Реконвалесценттерді стационардан шығарған соң емдеу және бақылау. Айта кету керек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы гидроксихлорохин мен хлорохинді COVID-19 вирусын емдейтін дәрі ретінде клиникалық сынауды тоқтатқан болатын.