Әйелі күйеуін үйреткен: Орал қаласында алаяқтықпен айналысқан ерлі-зайыпты ұсталды

Автор: Дәуренқызы Алма

Бес телефон, бірнеше SIM-карта мен банк карталары тәркіленді

Фото: pixabay.com

Орал қаласында жұбайлардан құралған қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы мен Орал қаласы полиция басқармасы Anti-fraud жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында екі адамнан тұратын алаяқтық топтың жолын кесті.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер WhatsApp топтары мен әлеуметтік желілерде тауарлық несиені қолма-қол ақшаға айналдыру қызметін ұсынатын жарнамалар жариялаған. Осы алаяқтық схемаға Орал қаласының екі тұрғыны алданған.

Бірінші жағдайда күдіктілер жәбірленушіге тауарлық несие сомасын қолма-қол ақшаға айналдыратын заңды ұйымның сілтемесін жіберген. Несие рәсімдеген әйелдің шотына ақша түскен соң, алаяқтар оған хабарласып, қаражаттың қателесіп түскенін айтып, өздері көрсеткен есепшотқа аударуды сұраған. Әйел талапты орындаған соң, олар оны бұғаттап, байланысқа шықпай қойған.

Екінші жағдайда қаскөйлер жәбірленушіні тауарлық несие рәсімдеуге көндіріп, алынған заттарды ақшалай өтеу сылтауымен алып, ломбардқа өткізген. Түскен қаржы жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.

Тергеу барысында жас әйелдің күйеуін алаяқтық әрекетке тартқаны анықталды. Қазіргі уақытта олардың басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр. Күдіктілер ұсталып, кінәсін мойындады. Тінту кезінде олардан бес телефон, бірнеше SIM-карта және банк карталары тәркіленді.

Полиция азаматтарды тауарлық несие рәсімдеу кезінде сақ болуға және бейтаныс адамдардың күмәнді ұсыныстарына сенбеуге шақырады.