Тұтқындарды босату – Израиль мен ХАМАС арасындағы келісімнің бір бөлігі
ХАМАС содырлары Израильге кепілге алынған төрт адамның, соның ішінде екі жасар Кфир Бибастың мәйітін тапсыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy BILD-ке сілтеме жасап.
Бибастар отбасы – 35 жастағы Ярден, оның 33 жастағы әйелі Шири және олардың екі баласы, 5 жасар Ариэль мен 2 жасар Кфир – 2023 жылғы 7 қазанда Израильге жасалған шабуыл кезінде ХАМАС содырларының қолына түскен. Бірнеше аптадан кейін лаңкестік топ Шири мен оның неміс азаматтығы бар ұлдары Израиль әуе соққысынан көз жұмды деп хабарлаған. Алайда Израиль билігі бұл ақпаратты әлі күнге дейін растамады.
Сонымен қатар ХАМАС 22 ақпан, сенбі күні тірі қалған 6 тұтқынды босататынын мәлімдеді. Олардың арасында он жылдан бері Газа секторында қамауда отырған екі израильдік азамат бар.
Тұтқындармен алмасу – Израиль мен ХАМАС арасындағы келісімнің бір бөлігі. Келісімге сәйкес, 1904 палестиналық тұтқынға айырбас ретінде кепілге алынған 33 адам кезең-кезеңімен босатылуы тиіс. Атысты тоқтату туралы шешім қабылданғалы бері ХАМАС 19 адамды босатып үлгерді.