Бозымбаев: Тергеу аяқталғанша шахтадағы жұмыс тоқтатылады

Автор: Дәуренқызы Алма

Тиісті тексерулерден кейін «Қазақмыс» корпорациясы өзінің келісімшарттық міндеттемелерін қайта қарайтын болады.

Фото: primeminister.kz

Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басшылығымен кеңес өткізіп, шахтадағы жұмыс тергеу аяқталғанша қайта басталмауы керек екенін қатаң ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақмыс» корпорациясы марқұмдардың отбасына барлық қажетті қаржылай көмек көрсетіп, несиелік қарыздарын өтейді.

«Бізде тек марқұмның ғана емес, оның отбасы мүшелерінің де несиелерін жабу дәстүрге айналған. Сіздер отбасылардың жағдайына мұқият қарап, балалардың, әсіресе кәмелетке толмағандардың оқуына кететін шығындарды өтеулеріңіз керек», – деді Қанат Бозымбаев.

Сонымен қатар отбасылар республикалық бюджеттен тиісті төлемдер алады. Олардың қатарында асыраушысынан айырылғандарға берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы, сақтандыру төлемдері және жерлеу шығындарын өтеу бар. Вице-премьер төлемдердің кешіктірілмеуін тапсырды.

«Тергеу шахтадағы жағдайдың қауіпсіз немесе қауіпті екенін анықтағанша, жұмысты қайта бастауға болмайды. Біз жүйені түбегейлі өзгертуіміз керек, үкімет бұл мәселені бақылауда ұстайды. Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті құрылды, заңнамалық өзгерістер енгізілуде. Қазір Парламентте тиісті заң жобасы қарастырылып жатыр, оның аясында Төтенше жағдайлар министрлігіне қосымша өкілеттіктер беріледі. Біз осындай апаттардың алдын алу үшін бар күшімізді саламыз. Мемлекет басшысы жан-жақты тексеру жүргізуді тапсырды. Бұл – құқық қорғау органдарының сараптамалары, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің және еңбек инспекторларының тексерулері. Сіздердің міндеттеріңіз – осы төтенше жағдайға кімнің жол бергенін анықтау», – деп атап өтті Қанат Бозымбаев.