Астанаға есірткі тарату үшін өзге өңірлерден келген екі адам ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Мөлдір Қазыбай

Олардан бірнеше килограмм есірткі тәркіленді

Фото: Видеодан скрин

Астанаға саяхаттап келген есірткі сатушылар ұсталды. Полиция қызметкерлері есірткі сақтау және сатуды ұйымдастырды деген іс бойынша күдікке ілінген 37 және 47 жастағы екі ер адамды қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дилерлердің көпқабатты үйдің кіреберістерінің бірінде ұсталғаны анықталды. Полиция қызметкерлері ұсталғандар тұратын жалдамалы пәтерді тінту барысында ас үй раковинасының астынан алдын ала оралған 31 дана өсімдік тектес заттар бар пакетті тауып, тәркіледі.

«Сондай-ақ тоңазытқыштан жалпы салмағы 4 келіден асатын ұқсас зат салынған пакет табылды, бұл қылмыстық әрекеттің ауқымдылығын растайды. Есірткі қылмысына қарсы күрес департаментінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде заңсыз айналымнан «гашиш» есірткі заты тәркіленді, сараптама қорытындысы бойынша есірткі заты болып саналады», - делінген хабарламада.

Сотталушылар қылмысын мойындап, елордаға есірткі тарату үшін оңтүстік өңірден жеткізгендерін түсіндірді. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.