16 ақпанда елдің басым бөлігінде қар жауып, боран соғады
Қазақстандық синоптиктер 2025 жылғы 16 ақпан, жексенбі күні ел аумағында қандай ауа райы болатынын хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазгидромет» РМК деректеріне сәйкес, атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты ел аумағында тұрақсыз ауа райы күтіледі.
«Елдің басым бөлігінде қар жауып, боран соғады. Батыс, оңтүстік-батыс және оңтүстік өңірлерде жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі. Кей жерлерде тұман түсіп, оңтүстік пен батыста көктайғақ болады. Сонымен қатар желдің күшеюі болжанып отыр», — делінген хабарламада.
Синоптиктердің мәліметінше, қолайсыз метеожағдайларға байланысты жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жолда сақтық шараларын ұстанғаны жөн.