$ 502.47  525.83  5.68
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Голан биіктеріндегі бейбітшілік миссиясы: әскери қызмет Қазақстанға қандай өзгеріс әкеледі

Голан биіктерінде 139 қазақстандық әскери қызметші қауіпсіздікті бақылап жүр

Голан биіктеріндегі бейбітшілік миссиясы: әскери қызмет Қазақстанға қандай өзгеріс әкеледі
Фото: Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы

Бейбітшілік миссиялары қазіргі халықаралық қатынастарда маңызды рөл атқарады. Олар жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ғана емес, сонымен қатар әскери күштердің жауынгерлік дайындығына, мемлекеттің халықаралық беделіне және басқа да маңызды аспектілерге айтарлықтай әсер етеді. Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы бейбітшілік миссияларына қатысудың маңызы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2025 жылдың ақпан айындағы жағдай бойынша Голан биіктерінде БҰҰ-ның қадағалау миссиясы (UNDOF) құрамында 139 қазақстандық әскери қызметші қауіпсіздікті бақылап жүр. Олар атысты тоқтату режимін қолдау бойынша міндеттерді орындайды, оның ішінде патрульдеу, блокпосттарды күзету, жарылғыш заттарды залалсыздандыру, БҰҰ персоналын алып жүру және эвакуациялау шараларымен айналысады.

«Бірінші – әскери күштердің жауынгерлік дайындығын арттыру. Бейбітшілік миссияларына қатысу қазақстандық әскери қызметшілердің кәсібилігін арттыруға ықпал етеді. Осындай іс-шаралар барысында әртүрлі бөлімшелер мен әскери контингенттер арасындағы өзара іс-қимыл жақсарады, дағдарыстық жағдайларда халықпен жұмыс істеу дағдылары жетілдіріледі, стреске төзімділік пен жедел шешім қабылдау деңгейі артады. Сонымен қатар, әскери қызметшілер халықаралық деңгейде қолданылатын заманауи технологиялар мен операцияларды жүргізу әдістеріне қол жеткізеді.

Бүгінгі таңда қазақстанның бейбітшілік қызметі аясында ҚР ҚМ қарасты Бейбітшілік операциялары орталығында (БОО) Голан биіктіктеріндегі халықаралық миссияға арналған контингентті дайындау жалғасуда. Бұл жұмыс бейбітшілік сақтау саласындағы АҚШ, Италия, Канада, Ресей және басқа да алдыңғы қатарлы елдердің халықаралық тәжірибесі мен практикасын қолдану арқылы жүзеге асырылуда.

Қазақстандық әскери қызметшілер әскери, арнайы және тілдік дайындықтан бөлек, стратегиялық ойлау мен геосаяси аспектілерді дамытуға ерекше көңіл бөледі. Осы мақсатта жақында БОО-ға халықаралық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы, Maqsut Narikbayev University жанындағы «MIND» ғылыми-зерттеу орталығы мен Жаһандық және өңірлік басқару орталығының (CEGREG) аға ғылыми қызметкері, PhD докторы Э. Джаббаров шақырылды», - делінген орталық таратқан мәліметте.

Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығының мәліметінше, оқыту бағдарламасы Таяу Шығыстағы жағдайға арналған дәрісті қамтыды, онда қоғамдық-саяси қатынастар, әлеуметтік-экономикалық ахуал және мәдени-тарихи ерекшеліктер ескерілді. Сонымен қатар, қызықтыратын мәселелер бойынша белсенді пікірталас өтті.

Сарапшының геосаяси жағдай жөніндегі білімі ескеріле отырып, назар өңірлік қауіпсіздіктің өзекті сын-қатерлері мен жағдайдың ықтимал даму сценарийлеріне де аударылды.

Өз кезегінде, сарапшыға бейбітшілік сақтау аймағында қолданылатын қару-жарақ пен әскери техника көрсетілді.

Бейбітшілік миссиясы белгілі бір қауіп-қатерлермен байланысты. Әскери қызметшілер жоғары деңгейдегі дайындықты, бейімделгіштікті, тактикалық икемділікті және заманауи операцияларды жүргізу әдістерін меңгеруді талап ететін стандарттан тыс жағдайларға тап болады.

Алайда, сарапшы Э.Джаббаровтың пікірінше, даярлау бағдарламасы әлемдік стандарттарға сәйкес келеді және әскери қызметшілердің кәсіби дайындық деңгейін, халықаралық жағдай туралы хабардарлығын және өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға дайындығын арттыруға ықпал етеді.

Екінші – мемлекеттің халықаралық беделін қалыптастыру. Бейбітшілік сақтау қызметі – дипломатияның маңызды құралы болып санлады. Қазақстан халықаралық бейбітшілік миссияларына белсенді қатыса отырып, бірқатар артықшылықтарға ие болады:

  • Әлемдік аренадағы беделі артады;
  • Одақтастарымен және серіктестерімен қарым-қатынасы жақсарады;
  • Жаһандық тұрақтылыққа ықпал ете алатын жауапты мемлекет ретінде танылады;
  • Халықаралық келіссөздер мен дипломатиялық бастамаларға қатысу үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады.

«Үшінші – экономикалық және саяси факторларға ықпалы. Бейбітшілік миссияларының экономикалық және саяси аспектілері маңызды рөл атқарады. Қазақстан бейбітшілік сақтау қызметімен айналыса отырып, халықаралық ұйымдардан қаржылық қолдауға сенім арта алады. Осылайша, қорғаныс өнеркәсібі мен технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға алғышарттар жасалады, ел мен өңірдегі саяси тұрақтылық қамтамасыз етіледі және сауда байланыстары мен инвестицияларға оң әсер етеді.

Бейбітшілік миссиялары – бұл тек халықаралық қақтығыстарды реттеудің құралы ғана емес, сонымен қатар әскери дайындықты жетілдірудің, мемлекеттің халықаралық беделін нығайтудың және ұлттық мүдделерді ілгерілетудің маңызды факторы. Олар тұрақтылықты, қауіпсіздікті және халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге ықпал етеді, бұл өз кезегінде оларды қазіргі заманғы сыртқы саясат пен қорғаныс стратегиясының ажырамас бөлігіне айналдырады», - делінген Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығының хабарламасында.

Серіктес жаңалықтары