«9 жасымда ағылшыннан сабақ бердім»: IELTS-тан 9 балл алған тұңғыш қазақ қызы балалық шағы туралы айтты

Автор: Асыл Арман

Ол ағылшын тілін меңгеруді 6 жасынан бастаған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

IELTS-тан 9 балл алған тұңғыш қазақ қызы Сая Қыдырәлі білім жолындағы қиындықтары, балалық шағы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Саяның айтуынша, ата-анасы 4 жасында ажырасып кетіп, өзі анасымен бірге өскен.

«Анам білімнің кез келген жабулы есікті ашатынына сеніп, қиындықтарға қарамастан ізденуіме, білім алуыма соңғы тиынын болсын беретін.

Осылайша ағылшын тілін анаммен бірге 6 жасымда бастадым. 9 жасымда америкалық кеңесте Kids Clubs өткізіп, балаларға сабақ бердім. 10 жасымда үлкендерге сабақ беріп, лекциялар өткізіп жүрдім. 11-ге толғанда IELTS тапсырып, speaking бойынша 8,5 балл алдым. Ол кезде анам менің IELTS тапсыруым үшін ақшасының жоқтығынан жылдың 4 маусымын бір аяқ киіммен өткізген.

12 жасымда интеллектуалды мектепте сабақ беріп, алғашқы 200 мың теңгемді таптым», - дейді Сая Қыдырәлі.

Қандай қиындықтар болса да анам үнемі арқасүйері болып, қолынан келгенін жасайтынын айтты.

«15 жасымда Америкаға грант жеңіп алдым. Бірақ одан бас тартып, Қазақстанда қаламын деп шештім. Себебі бұл жақта бизнесім әрі орындайтын үлкен арманым бар еді. 16 жасымда IELTS тапсырып, 8,5 балл алдым. Осыдан кейін Ұлыбритания консулдығының ресми серіктесі болдым.

Мен үлкен арманымды орындадым. Сол үшін соңғы 3 жыл бойы тынбай еңбек еттім. Тіпті күніне 14 сағаттан жұмыс істеген күндерім болды. Шаршағаным сондай сабақ беріп отырып, студентімнің алдында ұйықтап кеткен кездерім де болды.

Сонымен 17 жасымда Астананың қақ ортасынан анама пәтер сатып алып бердім.

Анашым, маған деген махаббатыңыз бен сеніміңіз үшін сізге көп-көп рақмет!» - деп жазды вундеркинд бойжеткен.