Олар жыл басынан бері жалақыларын ала алмай отыр
«Семей орманы» табиғи резерватының қызметкерлері жыл басынан бері жалақыға жарымай отыр. Әлі күнге 80-90 мың теңге айлық алатындар жаңа жылдан бері «көк тиын көрмедік» деп наразы. Оның үстіне, былтырдан бастап қосылуға тиіс үстемақыдан да қағылған. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі КТК телеканалына сілтеме жасап хабарлайды.
«Қарызға батып, қалтамыздың түбі тесілді» дегендер тезірек маңдай тер ақысын төлеуді талап етіп отыр.
Жалақыға жарымаған орманшылардан маза қашқан. Жыл басынан бері жалақысын алмағандар қарызға белшесінен батқан. Оның үстіне, кейбірі өткен жылдан қалған ақшасын әлі ала алмай жүр.
«Бізге 500 мың еңбекақы төле деп айтып отырған жоқпыз ғой. Өзімізге тиесілі жалақымызды берсін. Өткен жылдан қалған 300 мың теңгем бар. Уәде береді де, орындамайды», - дейді өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі Нуртен Шамшудинов.
«Семей орманындағы» алапат өрттен кейін орманшылардың жалақысы көтеріледі деген жағымды жаңалық шыққан. Алайда ештеңе өзгерген жоқ дейді жиналғандар.
Қазір орман өрт сөндірушілері, трактористер мен көлік жүргізушілері небәрі 100 мың теңгеге жетпейтін жалақымен жан бағып отыр.
«90 мыңға кім өмір сүре алады?! Келген бетте 80 пайызға көтереміз деген, ол да жоқ. Сегізінші ай кетті, мен жұмыс істегелі. Бала-шағамыз, несиеміз, оқуымыз бар», - дейді жүргізуші Шалқар Жолтыбайұлы.
Қазір «Семей орманы» 500-ден астам жұмысшының жалақысын төлей алмай отыр. Себеп – резерваттың арнайы шоты бұғатталған. Ол наурыз айында ашылады екен. Сондықтан мемлекеттік мекеме салықты да уақытында төлей алмай отыр. Дегенмен басшылар жалақы дауын жеделдетіп шешуге уәде берді.
«Салық комитеті мәселені талқылап жатыр. Осы аптаның аяғына дейін, қаңтар айына қарызды толық өтейміз. Келесі аптада ақпан айына тиесілі айлықтарын береміз деп жоспарлап отырмыз», - дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Елемесов.
Ал орманшыларға үстемақы мекеменің табысы артып немесе бюджетінде артық ақша болған жағдайда ғана төленеді екен. Бірақ «Семей орманында» кіріс жоқ.