«Үш-төрт айлап құжат жинап, табанын тоздырады»: ауыл халқының түйткілді проблемалары көтерілді

Автор: Асыл Арман

Депутат ауыл халқының проблемаларын тізбектеп шықты

Фото: istockphoto.com

Ауыл шаруашылығының дамуына түрлі қиындықтар кедергі келтіріп отыр. Осылай деп Парламент Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғаринге сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сөз басында елде ауыл халқына арналған бір ғана бағдарлама жұмыс істеп отырғанын айрықша атап өтті.

«AMANAT» партиясының қолға алған салалық бағдарламаның бірі «Ауыл аманаты» деп аталады. Үш жыл бұрын іске қостық. Жетістік жоқ емес. Бар. Тек 2023 жылы 100 млрд теңге шағын несие берілді. 15000 жаңа жұмыс орны ашылды. Бірақ бағдарламаның орындалуына келгенде айтылып жатқан сын аз емес. Әзірге, ауыл халқының табысын толтыруға арналған елдегі жалғыз жоба осы болғандықтан одан үміт күтетін ел көп. Бірақ сол елдің бұл жобаға айтар өкпе-назы да жоқ емес. Неге бұлай?

Кәсіптен нәсібін тапқысы келетіндерді әкімдік әуре сарсаңға салуға дайын. Әлжуаз әлеуметке бюрократия үш-төрт айлап құжат жинатып, табанынан тоздырады. Бұл бір.

Екіншіден бұл жобаны қаржыландыру тетігі де қарын ашытады. Негізі жобаның басты мақсаты – 7 жылда 350 мың жұмыс орнын ашып, жыл сайын кемінде 20-25 мың тұрғынға микронесие берілу керек. Бірақ бюджет тапшылығына байланысты былтыр жобаға бар болғаны 20 млрд теңге бөлінген. Бұны екі деп қойыңыз», - дейді Мақсат Толықбай.

Ол сөзін жалғай отырып, тағы бір өзекті мәселе кадр тапшылығы екенін тілге тиек етті. Айтуынша, кооперативтерде ветеринар, зоотехник, механизатор, агроном сияқты мамандар жетіспейді.

«Сөйте тұра кооператив қызметіне күнделікті мониторинг пен бақылау жүргізу, ақпараттық, консультациялық және әдістемелік көмек көрсету туралы айтқымыз келеді. Сондықтан өңірлердегі әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар (СПК) несие үлестіріп, немкетті деп қана отырмай бірінше кезекте өңірдегі осындай өзекті мәселелерге де мән бергені жөн. Әйтпесе қазір, әкімдіктерді мазалайтын екі-ақ мәселе бар. Несие алатын адамдардың санын толтыру және берген ақшаны игеру. Бітті.

Осы ретте, пилоттық ауылдар жобасы принципін міндетті түрде қалдыру қажет. Әйтпесе, жобаның мәні жоғалады, жоба тек кредит беретін кезекті бағдарлама ретінде баянсыздың күнін кешеді. Әрине, осыдан біраз бұрын президент назарына ұсынылған Жамбыл облысындағыдай барлығы бақуатты болмайтыны анық. Бірақ пилоттық принцип тоқтаса, онда ауыл кооперативтерін құрудың, тиісінше, лизингке техника берудің де қажеті болмай қалуы мүмкін.

Ең қызығы, кооперативтер құру деген не? Оның механизмі қандай? Бұны жергілікті атқарушы органдардың өзі түсінбей жатады. Сонда оны қарапайым халық қайдан түсінеді? Сондықтан ең алдымен ауыл тұрғындары арасында жалпы жоба туралы, соның ішінде ауыл кооперативтерінің жұртқа, нарыққа беретін пайдасы мен мүмкіндіктері туралы түсіндіру жұмыстарын ширатқан жөн», - дейді мәжілісмен.

Сондай-ақ, ауыл халқының табысын көтеру үшін, тұрғындарды ауыл шаруашылығы бойынша технологиялық карталарға оқыту мәселесі өте өткір болып тұрғанын, мұны мемлекет басшысы 2 қыркүйектегі жолдауында айтқанын тілге тиек ете отырып, президенттің тапсырмасын сөзбе-сөз оқып берді.

«Пилотты режимде «AMANAT» партиясының Мерке ауданында ашқан «Агросауат» оқу орталығын барлық ауданда ашуды Үкіметке тапсырамын», деген еді президент.

«Алайда, бұл тапсырма бойынша Үкімет те, өңір әкімдері де қылаудай шешім қабылдамаған. Бұл үкіметке, әкімдіктерге сын. Бұл жүйені іске қоспай, қалыптастырмай ауыл халқының табысын көтеру мүмкін емес. «Агросауат» орталығы жүйе қалыптастыратын, білмегенге үйрететін, білгенге қолдау болатын орталық.

Сондықтан, депутаттық сауалымды Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жолдай отырып, «Агросауат» оқу орталықтарын ашу туралы министрліктің жоспарымен тез арада таныстыруыңызды сұраймын. Жалпы кредиттің бәрін тек мал сатып алуға ғана бере-беруге болмайды. Мал жатқанға емес, баққанға бітеді. Ал оны бағып қағу үшін жайылымдардың жайын айтпағанда, елде әлі күнге дейін көпке үлгі болатын жем-шөп дайындайтын орталықтар жүйесі жоқ. Бұл да өзекті.

Сонымен қатар, қазір шалғайдағы ауылға лизингке тракторлар беріле бастады. Жақсы бастама. Бірақ техника ертең сынбай ма? Оған ары қарай қосалқы бөлшектерін қайдан алады ел? Жаппай тракторларға қызметті кім көрсетеді? Техниканың сақталуын кім қамтамасыз етеді? Қысқасы, айта берсең басы ашық сұрақтар өте көп. Сондықтан осы мәселелерге шұғыл арада назар аударуыңызды сұраймын», - деп Мақсат Толықбай премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге сауал жолдады.