Жол-көлік оқиғасы 11 ақпан күні кешкі уақытта болған
Жамбыл облысында полиция қызметкері қызмет барысында жол-көлік оқиғасына ұшырап, қаза болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқыс оқиға 11 ақпан күні сағат 19:40-та «Алматы-Ташкент» автожолының 203-шақырымында болған.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, «Volkswagen Passat» маркалы автокөліктің жүргізушісі қарама-қарсы бағытқа шығып кетіп, бекітілген аумақта жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген патрульдік автокөлікпен соқтығысқан.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан қызметтік көлікте болған екі полиция қызметкері әртүрлі дене жарақатымен Қордай аудандық орталық ауруханасына жеткізілді.
Жамбыл облысы ПД патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Үшкемпір Абай Бақытбекұлы 12 ақпан күні аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Полиция аға лейтенанты Абай Үшкемпір ішкі істер органдарында 2017 жылдың 14 желтоқсанынан бері қызмет атқарған, ал қазіргі қызметіне 2025 жылдың 6 ақпанында тағайындалған. Қызмет еткен жылдары ішінде 9 мәрте марапатталған.
Жамбыл облысы Полиция департаменті марқұмның туыстары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтады», - делінген ПД хабарламасында.