АҚШ-тың бір штаты өлім жазасын қайта енгізді

Автор: Аягөз Құрмаш

Өлім жазасына 15 жыл үзіліс болған

Фото: istockphoto.com

АҚШ-тың Луизиана штаты 15 жылдық үзілістен кейін өлім жазасын қайта енгізді. Бұл шешімді штаттың түзету мекемелері жаңа саясат негізінде қабылдаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жергілікті БАҚ хабарлағандай, Луизиана штатының өлім жазасын қайта іске қосу саясаты газ тәріздес азот қолдануға негізделген. Бұл әдіс алғаш рет Алабама штатында енген болатын. Айта кетейік, Луизианада соңғы өлім жазасы 2010 жылы орындалған еді.

Штат губернаторы Джефф Лэндри әділдік орнайтынын атап өтті.

«Біз бұл өлім үкімдерін орындаймыз, әділдік өз салтанатын құрады», – деді ол мәлімдемесінде.

Луизиана тарихында өлім жазасы ауыр қылмыс жасағандарға қолданылатын ең ауыр жаза ретінде қарастырылған. Соңғы жылдары штат бұл жазаны орындауды тоқтатқанымен, жаңа саясат бұл үкімдердің орындалуына қайта жол ашып отыр.

АҚШ президенті Дональд Трамп өлім жазасын жандандыру жарлығына қол қойған болатын.