Жүргізуші қамауға алынып, көлігі айып тұрағына қойылды
Павлодар облысында жыл басынан бері мас күйінде көлік жүргізген 119 жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық ПД мәліметінше, Павлодарда патрульдеу кезінде М.Жүсіп көшесінде ВАЗ маркалы автокөлік тоқтатылды. Жүргізушінің тәртібі күдік тудырды, ол жедел медициналық тексеруден өтті. Дәрігерлердің қорытындысы бойынша жүргізуші есірткіге мас болған.
«Мас күйінде автокөлік жүргізгені үшін жүргізуші жауапқа тартылды, материал сотқа жіберілді. Сот шешімі бойынша жүргізушіге қатысты 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу қолданылды. Ол сондай-ақ 7 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған. Автомашина арнайы айып тұрағына қойылды», - деп хабарлайды Павлодар облысының Полиция департаменті.
«Заң және тәртіп» қағидаты ішкі істер органдарының азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қолдауға бағытталған қызметінің негізі болып қала береді. Құқық бұзушылар өз әрекеттері үшін міндетті түрде жауап береді. Бірақ сіз көрсеткен қырағылық адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді, өйткені сіздің балаларыңыз, туыстарыңыз бен таныстарыңыз осындай жүргізушілердің көлігінің астында қалуы мүмкін.
«Егер сіз бұзушылықтың куәгері болсаңыз, сізден 102 телефоны бойынша хабарлауды немесе «police 102» мобильді қосымшасын пайдалануды сұраймыз», - делінген ПД хабарламасында.