Былтыр Қазақстанда екі рет террорлық шабуыл жасалмақ болған

Автор: Асыл Арман

Тоқаев әскери қызметкерлермен кездесуде осылай деді

Фото: istockphoto.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев UAE SWAT Challenge сайысында топ жарған күштік құрылымдардың бір топ офицерін марапаттау рәсімінде ел тыныштығын күзеткен арнаулы қызметтер мен күштік құрылымдардың атқарған істеріне тоқталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтем жасап.

«Былтыр Ұлттық қауіпсіздік комитеті заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін жиырмадан астам жедел жауынгерлік іс-шара өткізді. Екі террорлық актінің жолын кесіп, қаскөйлерге тосқауыл қойды. Ұлттық ұлан жасақтары төтенше жағдайлардың салдарын жоюға белсене атсалысты. Ішкі істер министрлігінің құрылымдары ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Өткен жылы есірткі өндіретін 64 орын жабылды. 22 мың тонна есірткі тәркіленді. Есірткіні жарнамалаған 7,5 мың сайт бұғатталды.

Екі миллиард теңгеден астам қаржыны шетелге шығармақ болған алаяқтардың жолы кесілді. Соңғы үш жылда 8 мыңға жуық түрлі қару-жарақ табылды. Мұндай мысалдар өте көп. Арнаулы қызмет қатарындағы мыңдаған сарбаз мемлекеттің егемендігі мен азаматтардың қауіпсіздігін қорғап жүр. Жауынгерлеріміз қашанда Отан алдындағы антына адал, – деді мемлекет басшысы.

Президент қазір кейбір мемлекеттер, тіпті алпауыт елдер сыртқы және ішкі саясатындағы ұстанымдарын қайта қарап жатқанын мысалға алып, Қазақстан дәстүрлі әрі заманауи құндылықтарды тең ұстайтын прагматизмге әлдеқашан бет бұрғанын жеткізді.

«Заң мен тәртіп үстемдігін орнату маңызды екенін әрдайым айтып жүрміз. Уақыт біздің ұстанымдарымыз бен стратегиялық бағдарымыздың дұрыс екенін көрсетті. Сондықтан біз алдағы уақытта да ұлттық мүддемізді қорғап, елімізге лайықты бірегей жолмен жүреміз. Жалпыұлттық құндылықтарымызды дәріптейміз. Ешкімге жалтақтамай, өз саясатымызды жүргіземіз. Өйткені біздің мақсатымыз – айқын. Бұл – қуатты және өркендеген Қазақстанды құру», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сөзін қорытындылай келе, офицерлердің қызметіне сәттілік тіледі және оларды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Жиында ҚР Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» командасының мүшесі, полиция аға лейтенанты Ермекқали Шоқаев, Ішкі істер министрлігі «Томирис» командасының капитаны, полиция майоры Айнагүл Байжігітова және ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің капитаны, «Сардар А» командасының мүшесі Мерлан Ұлтанбаев сөз сөйледі.