Қазақстандық боксшы халықаралық турнирдің күміс жүлдегері атанды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ол 60 жылдан астам уақыт ұйымдастырылып келе жатқан турнирде жүлдегер болды

Фото: Астана әкімдігі

Қазақстандық боксшы Бақберген Алиасқаров халықаралық турнирдің күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сербия астанасы Белград қаласында бокстан өткен «Belgrade Winner» халықаралық турнирі өз мәресіне жетті. Осымен 62-ші рет ұйымдастырылған айтулы додада Қырғызстан, Словакия, Македония, Марокко, Сербия, Молдова және Қазақстан елдерінің былғары қолғап шеберлері бақ сынады.

Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, ел намысын қорғаған 75 келіге дейінгі салмақтағы Бақберген Алиасқаров лайықты өнер көрсетіп, турнирдің күміс жүлдегері атанды.

Жалпы, қазақстандық боксшылар бұл жарыста жоғары нәтиже көрсетіп, 8 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды.