Жамбыл облысында полиция шенеунігі 10 млн теңге жымқырылған істі жасырмақ болған

Автор: Асыл Арман

Прокуратура оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады

Фото: Azattyq Rýhy

Жамбыл облысында Байзақ ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасарына қатысты ауыр санаттағы қылмысты қасақана жасырды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокуратура мәліметінше, қылмысты жасыру аудан аумағында болған 10 700 000 теңге қаражатты жымқыруға қатысты арызды сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркемеу арқылы жүзеге асырылған.

Жиналған дәлелдемелердің жиынтығымен күдіктінің іс-әрекеті ҚК-нің 433-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен сараланды (ауыр қылмысты адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасыру).

«Күдікті полиция қызметкері ҚПК-нің 128-131-баптарының тәртібімен ұсталып, оған қатысты сотпен «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялануға жатпайды.

Прокуратура құқық бұзушылықтарды тіркеу кезінде есепке алу-тіркеу тәртібін сақтаудың маңыздылығына баса назар аударады және қылмысты есептен жасыру үшін 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделгенін ескертеді», - делінген прокуратура хабарламасында.