FlyArystan тағы да даудың ортасында: Алматыда 12 жолаушы рейске отыра алмай, шу шығарды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Әуе компания жағдайға қатысты түсініктеме берді

Фото: shutterstock.com

FlyArystan әуе компаниясы тағы да даудың ортасында қалды. Алматыда 12 жолаушы бортқа жібермей қойғаны туралы айтып шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Желіде әуекомпания қызметкерлері мен жолаушылардың дауыс көтеріп жатқаны туралы видео тарады. Желі қолданушыларының бір бөлігі оқиғаны овербукинг салдарынан болды деген болжамын айтты.

Алайда, тасымалдаушының баспасөз қызметі бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын және бұл әуе компаниясының тәжірибесіне жоқ екенін мәлімдеді.

Компанияның мәліметі бойынша, Алматы-Павлодар бағыты бойынша FS7131 рейсінің жолаушылары 2025 жылдың 9 ақпанында сағат 14:20-да ұшуы тиіс рейске 14:10-да келген. Әуежайдың ақпараттық тақтасындағы жүйелік қатеге байланысты отырғызу аяқталғаны туралы хабарлама болған жоқ.

«Дегенмен, рейске уақытылы жету жолаушылардың жеке жауапкершілігі екенін еске саламыз. Әуе компанияның ережесіне сәйкес, жолаушылар ұшуға 30 минут қалғанға дейін шығаберіс алдында болу қажет. Ұшаққа отырғызу уақыты мен гейтке, сондай-ақ FlyArystan сайты мен қосымшасындағы рейс статусына назар аудару қажет», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, былтыр FlyArystan 12 жастағы қыз баланы бортқа кіргізбей, Астана әуежайына тастап кеткені үшін 5 млн теңге өтемақы төлегені хабарланған болатын.