Қайғылы оқиға былтыр шілде айында болды
Павлодарда мас күйде Lexus көлігімен адам қағып өлтірген ІІМ күзет басқармасының экс-бастығы Айдар Нұрмұхамбетов небәрі 3,5 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық соттың мәліметінше, 2024 жылдың шілде айында түнгі уақытта жеңіл дәрежедеге масаң күйде болып «Lexus LX 570» маркалы автокөлігін жүргізген.
«Павлодар-Семей» тас жолында Байдалы ауылынан жақын маңда рөлге ие бола алмай, жол жүру қағидасының талаптарын өрескел бұзып, «Волга» автокөлігімен соқтығысқан.
Соққыдан «Волга» автокөлігі кюветке аударылып, жүргізушісі алған жарақатынан сол жерде қайтыс болды. Бұл көліктің жолаушысы денсаулығына ауыр зиян алды.
Прокурор, жәбірленушілер және жәбірленушінің өкілі экс-шенеунікті бас бостандығынан айыруды талап етті. Айдар Нұрмұхамбетов өз кінәсін мойындап, кешірім сұрады.
Бұл үшін қылмыстық заңда негізгі жаза ретінде тек 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
«Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде шын жүректен өкінуін, үш жас баласының болуын, қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылуын және келтірілген зиянды ішінара өтеуді таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
ҚК 55-б. 2-б. талаптарын ескере отырып, қылмыстық жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды және ауырлататын мән-жайлардың болмауына байланысты заңға сәйкес жаза ең жоғары мерзімнің жартысынан яғни 3 жыл 6 айдан аспауы керек.
Осыған байланысты сот оған 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ ол 10 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Жәбірленушілердің пайдасына 17 миллион теңгеден астам материалдық және моральдық шығын өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - делінген хабарламада.