«Үкімет халыққа, орта және шағын бизнеске салмақ түсірмеуді ойлауы керек»: депутат құн салығына қатысты президент шешіміне пікір білдірді
Атқарушы билік пен кәсіпкерлер елдің дамуына қажетті шешімді бірге шығаруы керек

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракцияның жетекшісі Елнұр Бейсенбаев президенттің қосымша құн салығына қатысты шешімін қолдап, пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекет басшысы «Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары» екенін ашық айтты. Үкіметке бұл мәселені бизнес өкілдерімен және сарапшылармен бірге талқылап, ортақ шешімге келуді тапсырды», – делінген Елнұр Бейсенбаевтың Facebook-тегі жазбасында.
Мәжіліс депутатының айтуынша, соңғы күндері әлеуметтік желілерде экономистер мен қоғам белсенділері ҚҚС-ті тіркеу шегін 15 миллион теңгеге дейін төмендетудің болашақ салдары туралы пікір білдіріп, алаңдаушылықтарын негіздеп беруде.
«Қалай болғанда да, атқарушы билік пен кәсіпкерлер елдің дамуына қажетті шешімді бірге шығаруы керек. Азаматтық қоғамның белсенділігі осындайда сезіледі. Әрі демократиялық құндылықтар да осылай қалыптасады.
Үкімет салық түсімін арттыратын көздерді іздестіргенде халыққа, орта және шағын бизнеске салмақ түсірмеуді басымдық етуге тиіс», – деп жазады депутат.