Қыз бен жігіт ауылдағы үйлердің бірінен 780 мыңның әшекейін ұрлаған
Кейін оны Астанадағы ломбардқа тапсырмақ болған

Елорда полицейлері пәтер тонаумен айналысқан ұры тобын ломбардта ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
5 ақпанда Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Ижевское ауылында пәтер ұрлығы болды. 30 минут ішінде күдіктілер үй иесі жоқта 780 мың теңгеден астам алтын әшекейлерді қолды қылған.
Жәбірленушінің айтуынша, ол күдіктілерді дүкеннен қайтып келе жатқанда көрген, алайда олардың өз үйін тонағанын білмеген.
Полицейлердің мәліметінше, ұрылар бірнеше күн бойы үйді бақылап, есіктің құлыпталмағанын пайдаланып, ішке кіріп, бағалы заттарды алып кеткен.
Оқиға болған соң үй иесі полицияға арыз жазды. Аршалы ауданының полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеуді бастап, жедел іздестіру шараларын жүргізді. Бейнебақылау камераларынан ауылда ары-бері жүрген ер адам мен әйелді көруге болады.
Жедел іздестіру шаралары барысында 6 ақпанда күдіктілер ломбардта ұрланған әшекейлерді өткізу кезінде ұсталды.
Қазір олардың бірге тұратыны және Астанада тағы бір пәтер ұрлығына қатысы болуы мүмкін екені анықталды. Бұл деректі елордалық полиция қызметкерлері тексеріп жатыр.
Тергеу барысында күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.