Махамбет Досмұхамбетов аймақтағы эпидемиологиялық ахуалдың әлі бірқалыпқа түспегенін айтты
Атырау облысының әкімі маскалық режимді барынша ұстанып, әлеуметтік арақашықтықты сақтауға шақырды. Бүгін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің қатысуымен өңірдегі коронавирустық ахуалды тұрақтандыруға қатысты онлайн брифинг өтті, деп хабарлады облыстық коммуникациялар қызметі.
Аймақ басшысының сөзінше, төтенше жағдай мен карантиндік шаралардың арқасында індеттің жаппай таралуына жол берілмеген. Дегенмен, аймақтағы эпидемиологиялық ахуал әлі де бірқалыпқа түскен жоқ. Сондықтан облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері карантиндік талаптарды 8 маусымға дейін ұзартқан.
«Теңіз кеніші қазір өңірдегі ең үлкен індет ошағына айналды. Өткен апта арнайы барып, жағдайды көрдім. Теңізден өндіріске тікелей қатысы жоқ 18 мыңнан астам жұмысшыны уақытша шығардық. Олар аман-есен отбасымен қауышты», - деді әкім.
Оның сөзінше, дер кезінде мемлекеттік комиссия шешім қабылдап, осындай қадам жасалмағанда, Теңіздегі ахуал тіпті ушығып кетуі мүмкін еді.
Атырау облысында 27 сәуірден бастап карантиндік талаптар кезең-кезеңмен жеңілдетілген. Соның арқасында қазір аймақта 4 200-ден астам нысан ашылып, 75 мыңнан астам адам қалыпты жұмысына кіріскен.
«Жаман айтпай, жақсы жоқ. Сондықтан маскалық режимді барынша ұстанып, әлеуметтік арақашықтықты сақтауды бір сәт те ұмытпауымыз керек. Ал санитарлық талап қай жерде де қатаң сақталуы тиіс», - деп сөзін түйіндеді әкім.