Атырау көшелерінен полицейлер кімдерді ұстап, әкетіп жатыр?
Жыл басынан бері есірткі тасымалдаумен айналысқан бірнеше адам ұсталды

Соңғы бір ай ішінде есірткіге қатысты 15 құқық бұзушылық, оның ішінде 10 қылмыс тіркелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жедел-іздестіру шаралары барысында 11 келіге жуық есірткі тәркіленді. Оның ішінде 1 келі 400 грамм синтетикалық есірткі ауыр есірткі санатына жатады.
Сонымен қатар Атырау қаласында есірткі өсіретін фитозертхана ұйымдастырған тұрғын ұсталып, одан 14 түп сора өсімдігі тәркіленді. Қазіргі уақытта бұл іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция есірткі қолданған күйінде көлік тізгіндеген екі жүргізушіні анықтады. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жыл басынан бері есірткі тасымалдаумен айналысқан бірнеше адам ұсталды. Оның бірі Ақтөбе қаласынан келген.
Қала аумағында есірткі сайттарын жарнамалайтын 10-нан астам граффити жазбасы анықталып, жойылды. Сонымен қатар күдік тудырған QR-кодтар тексеріліп, бұғаттауға жіберілді.
Желідегі мониторинг нәтижесінде 50 сайт анықталып, оларды бұғаттау үшін ІІМ-ге жолданды.