Жол апатын жасаған жүргізуші бұрын полицей болған
25 мамырда Алматыдағы №4 блок-бекетте болған жантүршігерлік жол апатының себебі анықталды, деп хабарлайды ҚР ІІМ-нің баспасөз қызметі. Аталған апаттан екі полицей қаза тапса, үшіншісі ауыр халде ауруханада жатыр.
Еске салайық, патрульдік полиция көлігін соққан BMW жүргізушісі бұған дейін 6 жыл ішкі істер органдарында жұмыс істеген. Алматы қалалық Полиция департаменті алғашында оның экс-полицей екенін жасырған болатын. Кейін анықталғаны, күдікті осыдан бірер ай бұрын ғана жұмыстан шығарылған екен. Ол осы 6 жыл ішінде бірнеше рет тәртіп бұзған.
«Жол-көлік оқиғасының себебі – жеке құрам арасында алдын алу жұмыстарында орын алған олқылықтар және құқық бұзушылық пен тәртіптік теріс қылық жасаған қызметкерлерге қатысты дер кезінде тиісті шаралар қолданылмауы», - делінген Ішкі істер министрлігі таратқан ақпаратта.
Осылайша, БАҚ өкілдеріне ақпаратты бұрмалап берген полиция өкілдері де жазадан тыс қалмады. Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен басшылық буындағы 9 қызметкерге қатысты тәртіптік жазалау шаралары қабылданды. Атап айтқанда:
«Әрбір басшы өзінің қарамағындағыларға жауапты. Ол жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты сақтауды қамтамасыз етеді. Бұл жұмыс Алматы қаласының Полиция департаментінде тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Соның салдарынан біз бірден екі қызметкерден айырылып қалдық, бір қызметкер ауыр дене жарақатын алды. Біздің барлығымыз үшін, әсіресе, туған-туысқандарымыз үшін бұл үлкен қайғы-қасірет және орны толмас қаза. Сондықтан, бұл төтенше жағдайға жол берген басшыларға тиісті шаралар қабылданды. ІІМ басшылығы алдағы уақытта да қызметтік тәртіпті сақтауды қатаң талап етіп, полиция қызметкерлерінің кез келген тәртіп бұзушылығына принципті баға беріп, жаңа жағдайда жұмы істегісі келмейтін немесе жұмыс істей алмайтын адамдардан өз қатарын тазалайтын болады», - деп атап өтті Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.