Әйелі күйеуінің бүйрегін сатқызып, ақшаны көңілдесімен қашуға жұмсаған
Ер азаматтың қаражатты әйелінен қайтарып алған-алмағаны белгісіз

Үндістанның Батыс Бенгалия штатында бір әйел күйеуін бүйрегін сатуға көндіріп, түскен қаражатты алып, көңілдесімен қашып кеткен. Бұл туралы Hindustan Times басылымы жазады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әйел күйеуін қызының болашағы үшін қаражат қажет деп сендіріп, бүйрегін сатуға көндірген. Күйеуі әйелінің сөзіне сеніп, бір жыл ішінде бүйрегін 1 миллион рупийге сатады. Алайда айлакер әйел бұл ақшаны қызының оқуы мен тойына жұмсаудың орнына, көңілдесімен бірге қашып кетуге пайдаланған.
Кейін белгілі болғандай, әйел интернет арқылы суретші жігітпен танысып, онымен бірге қашып кетуді жоспарлаған. Қажетті қаражатты күйеуін алдап, бүйрегін саттыру арқылы жинауды ұйғарған.
Алаяқтықтың құрбаны болғанын түсінген ер адам полицияға жүгініп, әйелінің көңілдесімен жасырынған орнын анықтайды. Он жасар қызын және ата-анасын ертіп, сол жерге барады.
Сол кезде әйелі күйеуінің де, қызының да, ата-енесінің де сөзіне құлақ аспай, олармен сөйлесуден бас тартып, ажырасқысы келетінін кесіп айтады. Ер адамның қаражатты әйелінен қайтарып алған-алмағаны белгісіз.