Қырғыздар фамилияларын өзгертуде: елде «-ов» және «-ев» жұрнақтарына қарсы күрес жарияланды
Депутаттар тиісті заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады

Қырғызстанда азаматтар фамилияларындағы «-ов» және «-ев» жұрнақтарын алып тастап, ұлттық тек үлгісіне көшпек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттар заңға енгізілген түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы аты-жөнінің жаңа емле нормаларын бекітуді көздейді.
Өзгеріс енгізілгенімен, фамилияларын өзгертуге ниетті қырғызстандықтар үшін «уулу» не «кызы» қосымшалары сақталады. Сонымен қатар «тегі» сөзі де балама нұсқа ретінде ұсынылады.
Депутат Жылдыз Садырбаева фамилиялардағы «-ов» және «-ев» жұрнақтарының жойылуына алаңдаушылық білдіріп, бұл өзгерістер бойынша түсініктеме беруді сұрады.
Заң жобасының авторларының бірі Мирлан Самыйқожа қолданыстағы емле нормалары сақталатынын, алайда азаматтарға балама нұсқалар ұсынылатынын түсіндірді.
Бұл бастама Қырғызстандағы ұлттық сәйкестікті күшейтуге бағытталған қадамдардың бірі ретінде қарастырылып отыр.