Олардың түрлі жолдармен ірі көлемде пара алғаны анықталды
Антикор ІІМ органдарында парақорлыққа барған лауазымды қызметкерлер туралы мәлімет жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, Абай облысында Бесқарағай аудандық соты полиция бөлімі бастығының орынбасары Е.Қалиясов пен осы бөлімнің аға жедел уәкілі А. Ташиевке қатысты үкім шығарды.
Олар жергілікті тұрғынның 1 млн теңге сомасында ақшалай қаражатын қылмыстық жауапкершілікке тартпау сылтауымен иемденгені үшін кінәлі деп танылды.
Қалиясов пен Ташиевке 10 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырылды.
Сонымен қатар, Қалиясов «полиция подполковнигі», Ташиев «полиция майоры» арнайы атағынан айырылды.
«Өскемен қаласының соты Шығыс Қазақстан облысы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалының жылжымайтын мүлікті тіркеу бөлімінің бас маманы А. Қыдырбаеваға және Ішкі істер министрлігі Көліктегі полиция департаменті бөлімшесінің бастығы Р.Байчинге қатысты үкім шығарды.
Қыдырбаева «жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» жүйесіне Байчиннің жылжымайтын мүлкінің жоқтығы туралы жалған мәліметтер енгізгені үшін кінәлі деп танылды.
Осы үкіммен Байчин жұмыс орнына тіркелген тұрғын үйдің жоқтығы туралы жалған анықтама беру арқылы 7,2 млн теңге сомасында тұрғын үй төлемдері түрінде бюджет қаражатын иемденгені үшін кінәлі деп танылды. Маман 2 жыл мерзімге ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымға жіберуге байланысты квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, шартты түрде 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Полиция қызметкері залалдың толық өтелуіне байланысты «полицияның аға лейтенанты» арнаулы атағынан айырыла отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеуге сотталды», - делінген Антикор хабарламасында.
Қостанай қаласының №2 сотымен Қостанай станциясындағы полицияның жедел желілік бөлімінің уәкілі С. Аушаминге қатысты үкім жарияланды.
Ол жалпы қамқорлығы үшін «Қазақстан темір жолы-Жүк тасымалы» ЖШС филиалының Қостанай бөлімшесінің пайдалану локомотив депосының басшылығынан 300 мың теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
Аушаминге мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасымен қатар, 9 млн теңге көлемінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Сонымен қатар, ол «полиция лейтенанты» арнайы атағынан айырылды.
«Тараз қаласының соты Жамбыл облысы ПД жеке қауіпсіздік басқармасының тергеушісі Е. Кенжебаевтың үкімін жариялады. Ол қылмыстық іске сәйкес куәгерден оның жұмыс орны бойынша заң бұзушылықтарды жою туралы ұсынысты жібермегені үшін 400 мың теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.
Кенжебаевке мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы мен 12 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Ол «полиция капитаны» арнайы атағынан айырылды. ҚР ҚК 41-бабына сәйкес айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
Сот актілері заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство.