Баласына бермеген алименті жиналып, 7 млн теңгеден асқан: Семей тұрғыны сотталып кетті

Автор: Асыл Арман

Семей қаласында 2024 жылы алимент төлемеген 7 адам қылмыстық жауапқа тартылған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Семей тұрғыны баласына алимент беруден жалтарып, қарызы 7 млн теңгеден асқан. Осы үшін ол сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокуратура мәліметінше, Семей қаласының тұрғыны Қылмыстық кодекстің 139-бабына сәйкес қылмыстық жауапқа тартылды. Сот үкімімен ол бір жылға бас бостандығынан шектелді.

Тағы 3 адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

«Айта кетерлігі, тек Семей қаласында 2024 жылы алимент төлемегені үшін 7 адам қылмыстық, 61 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 5 мыңнан астам кәмелетке толмағандардың құқықтары қорғалған.

Абай облысының прокуратурасы алиментті уақтылы төлеу қажеттігін, әйтпесе мұндай ата-аналарға қатысты заңда көзделген барлық шаралар қолданылатынын, соның ішінде қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығын ескертеді», - делінген хабарламада.