Қазір оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды
Көкшетауда қар төбешігін бұзған бозбаланы ер адам бетінен ұрып жібергені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық ПД мәліметінше, осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Оқиға туралы хабарлама құқық қорғау органдарына 26 қаңтарда жедел жәрдем фельдшерінен түскен.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, жанжал көпқабатты үйдің ауласында болған. Айғақтарға сәйкес, ер адам өзі салған қар төбешігінің бұзылуына наразы болып, жасөспірімнің бетіне соққы келтірген. Нәтижесінде кәмелетке толмаған бала облыстық ауруханаға жеткізілді. Өз кезегінде полицейлер дереу болған оқиғаның мән-жайын тексеруге кірісті. Келтірілген зиянның ауырлығын анықтайтын сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Полиция департаменті кәмелетке толмағандарға дене күшін қолдануға жол берілмейтінін және жауапкершілікке тартылатынын еске салады», - делінген ПД хабарламасында.