Әйел 39 жаста болған
Алматыда жеңіл автокөлікпен болған жол-көлік оқиғасынан 39 жастағы әйел қаза тауып, тағы екі адам жарақат алды. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция мәліметінше, жол апаты 19 қаңтар күні таңғы сағат 5:30 шамасында Алматының Бостандық ауданындағы Әл-Фараби даңғылында болған.
«Toyota маркалы автокөліктің 20 жастағы жүргізушісі батыс бағытта қозғалып келе жатып, рөлге ие бола алмай, жолдың солтүстік шетіне шығып, бордюрге соғылған. Кейін тротуарға шығып, 39 жастағы әйелді қағып кеткен. Одан әрі автокөлік жарнама қалқанының тірегіне соғылып, аударылып кеткен», – делінген хабарламада.
Оқиға орнында жаяу жүргінші әйел қаза тапты.
«Автокөлік жүргізушісі мен оның жолаушысы Алматы қаласының ауруханаларының біріне жеткізілді. Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп толықтырды полиция.
Қазіргі уақытта оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.