Операция 10 сағатқа созылған
Қызылордадағы көпсалалы облыстық ауруханада 40 жастағы ер адамға бауыр трансплантациясы бойынша алғашқы операция сәтті жасалды. Донор науқастың туысы болды. Операция 10 сағатқа созылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, науқас тоғыз жыл бойы бауыр циррозынан зардап шегіп, жағдайы нашарлаған. Бұл операция өңірдегі трансплантология саласын дамытудағы маңызды қадам болды.
«Хирургиялық араласуды А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы басқармасының төрағасы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, жоғары санатты дәрігер Болатбек Бимендіұлы Баймахановтың жетекшілігімен трансплантологтар тобы өткізді. Сондай-ақ, операцияға облыстық аурухананың жоғары білікті мамандары қатысып, тәжірибе алмасты», – деп мәлімдеді министрлік.
Медицина мамандарының айтуынша, операция сәтті аяқталды. Қазіргі уақытта науқас пен донордың жағдайы тұрақты, екеуі де өзін жақсы сезінеді.
Қызылорда облысында бүгінгі күнге дейін 16 адам донорлық бауыр трансплантациясынан өткен. Барлық пациент дәрігерлердің мұқият бақылауында.
«Мұндай араласулар бауырдың созылмалы және күрделі аурулары бар пациенттердің денсаулығын қалпына келтірудегі маңызды қадам саналады. Бұл медициналық және әлеуметтік тұрғыдан толыққанды оңалтуға мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың жоғары сапалы медициналық қызметтерге қол жеткізуін жақсарту және еліміздегі трансплантологияны дамыту бойынша жұмысын жалғастырады», – делінген хабарламада.