14 жастағы оқушының өлімі: баланың ата-анасы тергеуге наразы

Автор: Дәулет Ботагөз

Олар тергеу әділ жүргізілмеді дейді

Фото: @ayaaviss/Instagram

Ақтөбе облысында қаза тапқан 14 жастағы оқушының отбасы тергеу барысына көңілі толмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Astana TV-ға сілтеме жасап хабарлады.

Марқұм Нұржан Сыдықтың туыстары тергеудің әділ жүргізілмегенін айтып, бастапқыда қылмыстық істің «Абайсызда адам өліміне әкелген ауыр дене жарақаты» (106-бап) бойынша қозғалғанын айтты. Кейін адвокаттардың көмегімен бұл іс «Кісі өлтіру» (99-бап) бабына қайта сараланған болатын. Алайда, тергеу аяқталар тұста іс қайтадан 106-бапқа ауыстырылған.

«9 қаңтарда, соңғы жұмыс күнінде, Ақтөбе облысының прокуроры істі 99-баптан қайта 106-бапқа өзгертті. Біз бұл шешіммен келіспейміз және 99-бапты қайтаруды талап етеміз. Менің інім қайтыс болды және біз әділ тергеуді талап етеміз», – деді марқұмның әпкесі Аяжан Сыдықова.

Ақтөбе облысы полиция департаменті қылмыстық істің қайта саралануын түсіндірді.

«Қылмыстық іс 99-баптың 2-бөлігінен (Кісі өлтіру) 106-баптың 3-бөлігіне (Абайсызда адам өліміне әкелген ауыр дене жарақаты) ауыстырылды. Қазіргі уақытта іс аяқталып, тараптарға танысу үшін ұсынылды. Танысу аяқталған соң, іс сотқа жіберіледі», – деді полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Оқиға 2023 жылдың 2 қыркүйегінде Темір ауданында болған. Бір топ жоғары сынып оқушысы 14 жастағы Нұржан Сыдықты аяусыз ұрып-соққан. Жасөспірім алған жарақаттарынан қайтыс болды.

Осы оқиғадан кейін ауыл мектебінің директоры қызметінен босатылды, ал Қазақстанның Бас прокуроры істі өз бақылауына алды. Қазіргі таңда іс бойынша 6 адам күдікті ретінде қарастырылып жатыр.