Синоптиктер бес қала тұрғындарына ұзақ серуендемеуді ұсынды

Автор: Дәулет Ботагөз

Бұл қалаларда ауа сапасы нашарлауы мүмкін

Фото: © istockphoto.com

«Қазгидромет» 18 қаңтарда Алматы, Қарағанды, Жезқазған, Балқаш және Теміртау қалаларында қолайсыз метеожағдайлар болжанатынын хабарлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Синоптиктер аталған қалаларда ауа сапасының нашарлауы мүмкін екенін айтты. Ауа райының мұндай қолайсыздығы тұрғындардың денсаулығына әсер етуі мүмкін, сондықтан мамандар алдын алу шараларын сақтауға кеңес береді.

Қолайсыз метеожағдайларда келесі ұсыныстарды сақтау маңызды:

  1. Ашық ауада, әсіресе, автожолдар мен ластану көздерінің жанында болу уақытын қысқарту.
  2. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тарту.
  3. Созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауыратын адамдар дәрі-дәрмектерін өзімен алып жүруі тиіс.
  4. Ашық ауада физикалық жүктемені шектеу.
  5. Спорттық жаттығулар мен дене шынықтыруды жабық спорт кешендерінде өткізу ұсынылады.

«Қазгидромет» мамандарының айтуынша, аталған шараларды сақтау ауа сапасының нашарлауы кезіндегі денсаулыққа келетін зиянды азайтуға көмектеседі.