Алматыда танымал әлеуметтік желі парақшасының иесі қамауға алынды: ол 7 жылға сотталуы мүмкін

Автор: Мөлдір Қазыбай

Оның үстінен алауыздықты қоздыру бойынша іс қозғалды

Фото: instagram.com/qaznews24

Алматыда құқық қорғау органдары әлеуметтік желідегі QazNews24 сатиралық парақшасының авторы Темірлан Еркебекті қамауға алды. Ол уақытша ұстау изоляторына орналастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы ПД хабарлағандай, оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы – «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздыру» бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Пабликтердің бірінің авторы қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұсталып, қамауға алынды», — деді полицияның баспасөз қызметі.

Аталмыш бап бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Тергеу жүріп жатыр.