Әйел адам сол күні балаларын үлкен ұлына қалдырып, өзі басқа жаққа кеткені анықталды
Жітіқарада болған өртте балаларынан айырылған әйел адам 5 жылға сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қостанай облысы Жітіқара аудандық сотында ҚК 292-бабының 3-бөлігімен (абайсызда 5 баланың өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) айыпталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Белгілі болғандай, балаларын қараусыз қалдырдып, үлкен ұлына үйдің іші салқындаған жағдайда пешке от салуды тапсырған. Ұлы пешке отын, көмір және тұрмыстық қоқыстарды жағады, сондай-ақ пеш жанында белгісіз сұйықтықпен жатқан пластикалық бөтелкені отқа салып жібереді. Нәтижесінде пештегі жалынның күшейіп, өртке айналуына себеп болды. Өрт салдарынан бес бала көз жұмды.
Сотталған әйел адамның кінәсі оның мойындауымен, куәгерлердің айғақтарымен, оқиға болған жерді тексеру хаттамасымен және сот сараптамаларының қорытындыларымен дәлелденді.
«Прокурор сотталушыға шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындады, істеген ісіне өкініп, оны бас бостандығынан айырмауды өтінді.
Алайда, сот 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады және ҚК-нің 74-бабының негізінде жас баланың болуына байланысты жазаны орындау кейінге қалдырды», - делінген облыстық сот таратқан хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.