Ақмола облысында интернетте ұлтаралық алауыздық тудырған тұрғын сотталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Ол үш жыл алты айға бас бостандығынан айырылды

Фото: © istockphoto.com

Ақмола облысы Астрахань ауданының тұрғыны интернет арқылы ұлтаралық алауыздық тудырғаны үшін үш жыл алты айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Бас прокуратураның мәліметінше, аудан тұрғыны жаз мезгілінде алкогольді ішімдік ішкен күйінде «Чат Рулетка» қосымшасы арқылы басқа елдердің қолданушыларымен сөйлесу кезінде ұлтаралық алауыздық тудыратын және басқа ұлт өкілдерін қорлайтын сөздер айтқан. Оның сөздері бейәдеп сипатта болып, басқа ұлт өкілдеріне бағытталған кемсітушілік мазмұнды қамтыған.

«Экспертиза барысында аталған сөздерде ұлтаралық алауыздық пен өшпенділікті қоздыру белгілері бар екені анықталған. Сондай-ақ, олар басқа ұлт өкілдеріне қатысты қорлау сипатында болғаны дәлелденді», — делінген хабарламада.

Сотта мемлекеттік айыптаушы күдіктінің кінәсін толықтай дәлелдегенін мәлімдеді. Нәтижесінде, сот айыпталушыны үш жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесу туралы үкім шығарды.

«Бұл іс прокуратура тарапынан ұйымдастырылған көрсетілімдік процесс ретінде қарастырылды, оның мақсаты – ұлтаралық араздық тудыруға жол берілмейтінін көрсету және алдын алу», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.

Сот үкімі заңды күшіне енді.