Қазіргі таңда ол облыстық ауруханада ем алып жатыр
Атырау қаласындағы №37 мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Жадыра Мұратова педагогикалық кеңес кезінде ашық қорланғаннан кейін өзіне қол жұмсамақ болған. Бұл туралы Atyrau online Telegram-арнасы жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға педагогикалық кеңес отырысы кезінде болған. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі ағылшын тілінен сабақ беретін Жадыра Мұратованы белгісіз ер адамның сөзіне сілтеме жасап, алаяқтық жасады деп айыптаған. Кейбір әріптестері оны қорғауға тырысқанымен, мектеп директоры бұл айыптаулардың талқылануына жол берген.
«Мені педагогикалық кеңес кезінде қорлады. Бұған дейін мектеп директоры маған «қолым ұзын» деп айтқан еді. Бұл сөздер менің намысыма қатты тиді. Ешқандай басқа жол көре алмадым», — деді Жадыра Мұратова.
Мұғалімнің айтуынша, айыптаулар оның ақша алғаны туралы болған. Ол мұндай мәселелердің құқық қорғау органдары арқылы шешілуі керектігін, ал педагогикалық кеңесте мұндай жеке мәселелерді талқылаудың орынсыз екенін айтқан.
Оқиға сол күні кешкі сағат 20:00 шамасында болған. Жадыра Мұратова өзіне қол жұмсамақ болғанымен, оны құтқарып қалды. Қазіргі таңда ол облыстық ауруханада ем алып жатыр.
Жадыра Мұратова өзіне қол жұмсауға итермелеген жағдайға кінәлілерді, соның ішінде мектеп директорын да жауапқа тартуды талап етті.
«Бұл қорлық ешкімнің басынан өтпеуі керек. Мен өз абыройымды аяққа таптағандарды жазалауды талап етемін», – деді ол.