Фото Цзянсу провинциясында түсірілген
Белгілі қытайтанушы Иван Зуенко Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше фотосуретін жариялады. Бұл фото Қытайдың маңызды аймақтарының бірі – Цзянсу провинциясында түсірілген және оны Иван Зуенко өзінің Telegram-каналында бөлісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Иван Зуенко фотосуретті сипаттай отырып, 1983-1984 жылдары Қытайда болған алғашқы шағын стажерлар тобының тарихын есіне алды.
«Менің архивімнен 1983/1984 жылдардағы алғашқы шағын топтың екі стажерінің фотосы табылды. Ол топтың құрамы небәрі 10 адамнан тұрды. Кейінгі, ірі әрі танымал қытайтанушыларды дайындаған ағымдармен салыстырғанда, бұл топ тарихта елеусіз қалғандай көрінуі мүмкін. Алайда, шын мәнінде, сол топтың кем дегенде екі өкілін қазір бүкіл әлем таниды», – деп жазды Зуенко.
Зуенко атап өткен екі адам – Қазақстан Республикасының қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресейдің Қытайдағы елшісі Игорь Моргулов. Бұл туралы қытайтанушы былай деп жазды:
«Біріншісі – Қасымжомарт Тоқаев (ол кезде есімі осылай жазылатын). Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (МГИМО) түлегі, сол уақытта 30 жастағы КСРО Сыртқы істер министрлігінің қызметкері, қазір Қазақстан Республикасының президенті. Екіншісі – Игорь Моргулов, 22 жастағы ММУ Азия және Африка елдері институтының түлегі, қазіргі таңда Ресей Федерациясының Қытайдағы елшісі».
Фотода Тоқаев оң жақта тұр. Сурет Қытайдың Уси қаласында, Цзянсу провинциясында саяхат кезінде түсірілген.
Айта кету керек, Иван Зуенко бұған дейін де Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайдағы басқа сирек фотосуреттерін жариялаған болатын.