Алдағы күндері Алматыда 25 градус аяз болады – ауа райы болжамы

Автор: Асыл Арман

Синоптиктердің мәліметінше, ауа райы күрт өзгереді

Фото: istockphoto.com

«Қазгидромет» РМК Қазақстан бойынша 7-9 қаңтар күндеріне арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Синоптиктердің мәліметінше, ауа райы күрт өзгереді.

7 қаңтардан бастап еліміздің басым бөлігіне мол ылғалды Оңтүстік-Каспий циклоны ықпал етеді. Осыған байланысты солтүстік-батыс, солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде қар жауып, бұрқасын соғады, кей уақыттарда қалың қар болжанып отыр. Ал оңтүстік-батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда жауын-шашын (жаңбыр мен қар түрінде), Түркістан облысының таулы аудандарында қатты жауын-шашын (жаңбыр мен қар) күтіледі.

«8 қаңтарда түнде Батыс антициклонының ықпалымен суық ауа массалары кіреді, бұл температураның күрт төмендеуіне алып келеді. Республиканың солтүстік бөлігінде түнде ауа температурасы 15-25°C дейін, ал оңтүстігінде 5-15°C дейін төмендейді. Алматы және Жетісу облыстарының таулы аймақтарында аяз 20-25°C дейін жетуі мүмкін.

Алайда 9 қаңтарда күндіз ауа температурасы қайта көтеріледі: республиканың солтүстік бөлігінде 0-5°C аяз, ал оңтүстігінде 0-5°C жылы болады деп күтілуде. Сонымен қатар, Қазақстан аумағында желдің күшеюі, көктайғақ және тұман болжанады», - делінген синоптиктер болжамында.