Ол осыған дейін Түркістан облысы әкімінің орынбасары болған
Бүгін Түркістан облысында әкім ауысып, Дархан Сатыбалдының орнына Нұралхан Көшеров тағайындалды. Жаңа әкім туралы не белгілі? Azattyq Rýhy шенеуніктің өмірбаянына тоқталып шықты.
Нұралхан Көшеров әкім болып тағайындалғанға дейін облыс басшысының орынбасары қызметінде болды. Ол бұл лауазымға басқа қызметке ауысқан Арман Сәбитовтің орнына келгені белгілі. Сол сияқты оның бүгінге дейін бірнеше мамандықты оқып үлгергені белгілі болды.
Нұралхан Көшеров 1984 жылы 20 желтоқсан күні Шымкент қаласында дүниеге келген. Ол М.Әуезов атындағы Оңтүстік-Қазақстан Мемлекеттік университеті, Қазақ Гуманитарлық заң университеті, Мәскеудегі Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және Мемлекеттік қызмет академиясы жоғары білім беретін мемлекеттік бюджеттік білім беру мекемесінде білім алған. Жаңа әкім 40 жасына дейін экономист, қаржы және несие, құқықтану мамандықтарын меңгеріп үлгерген.
Еңбек жолын 2008 жылы ҚР Парламенті Мәжілісі депутатының көмекшісі болып бастағаны туралы ақпарат тараған. Алайда, Түркістан облысының әкімдігі таратқан мәліметте Нұралхан Көшеров Шымкентте 2005-2007 жылдары «Береке» ЖШС-ның бухгалтер-инспекторы және экономист-инспекторы болғаны айтылған.