Пара берген адам мен арада делдал болған жергілікті тұрғын да сотталды
Шығыс Қазақстан облысында Өскемен қаласының соты пара алған облыстық экология департаментінің басшысы Д.Әлиев, жергілікті тұрғын М.Журкабаев және кәсіпкер К.Длюжевскийге қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Антикор мәліметінше, Әлиев пара алғаны үшін, Журкабаев делдалдығы, ал Длужевский коммерциялық ұйымға алтын өндіруге экологиялық рұқсат алу үшін 4,5 млн теңге көлемінде пара бергені үшін кінәлі деп танылды.
«Сот үкімімен шенеунік 4 жылға, қала тұрғыны – 1 жыл 6 айға, кәсіпкер – 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ пайдалы қазбаларды барлау және өндіру саласындағы коммерциялық ұйымдарда 5 жыл мерзімге басшы лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.
Сондай-ақ, олар өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан айырылды. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ», - делінген Антикор хабарламасында.