5 дәмхана жабылды: ШҚО-да екі тәулікте 400-ден астам нысан тексерілді

Автор: Azattyq Rýhy

Нәтижесінде талапқа бағынбаған 74 нысан анықталды

Шығыс Қазақстанда жұмысқа қайта кіріскен нысандарда санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік нормаларының сақталмауын анықтайтын мобильдік топтар жұмыс істейді, деп хабарлайды COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК.

Карантин режимі толық алынбайынша, облыста рейд жұмыстары жүргізіле бермек. Басты мақсат —халықтың денсаулығын сақтау, індеттің таралу, жұқтыру фактілерінің алдын алу.

«Облыстағы 19 қала мен аудандарда 24 мобильдік топ жұмыс істейді, олардың құрамына тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау аумақтық басқармалары, жергілікті атқарушы органдардың мамандары, БАҚ өкілдері, Nur Otan партиясы және қалалық, аудандық мәслихат депутаттары кірді», - делінген хабарламада.

2020 жылғы 18-19 мамыр күндері жүргізілген рейд барысында 491 нысан қамтылды. Олар — 143 азық-түлік емес дүкені, 209 азық-түлік дүкені, 44 сауда үйі мен сауда-ойын-сауық кешендері, 19 шаштараз, 8 дәріхана, 7 базар, 44 кафе, 7 банк, 1 мектеп, 1 киоск.

«Соның нәтижесінде 74 нысанда тәртіп бұзушылық анықталды. 30 нысанда санитарлық-дезинфекциялық тәртіп (санитайзерлердің, дезқұралдардың, дезковриктердің болмауы) сақталмаған. 12 нысанда келушілер арасында әлеуметтік қашықтық сақталмаған. 59 нысанда маска режимі бұзылған және ЖҚҚ жоқ. 2 нысанда тамақ өнімдерін буып-түйілмеген күйінде сақталған. Рейд барысында 108 бұзушылық анықталып, 5 қоғамдық тамақтану нысаны жабылды», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта мобильді топ жұмысын жалғастыруда.