Болгария мен Румыния ресми түрде Шенген аймағына кірді

Автор: Дәулет Ботагөз

Енді саяхатшылар мен көлік жүргізушілеріне құжаттар көрсету талап етілмейді

Фото: Reuters

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Болгария мен Румыния Шенген аймағының толыққанды мүшелері атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Euronews.com сайтына сілтеме жасап. Енді бұл елдердің құрлық шекараларында тексеру жұмыстары тоқтатылды, ал саяхатшылар мен көлік жүргізушілерінен құжаттар көрсету талап етілмейді.

Болгария премьер-министрі Димитар Главчев Грекиямен шекарадағы салтанатты рәсімде бұл қадамды маңызды жетістік деп атап өтті.

«Бұл Шенген келісіміне қатысушы елдердің шекаралық полициясы, әскері және Frontex қызметкерлерінің бірлескен жұмысының нәтижесі. Еуропалық Одақтың сыртқы шекараларын тиімдірек қорғай алатынымызға сенімдімін», – деді ол.

Болгария мен Румыния 2007 жылы Еуропалық Одақтың мүшелігіне қабылданғанымен, оларды Шенген аймағына кіргізу ұзақ уақытқа созылды. Еуропа елдері бұл елдер арқылы заңсыз мигранттардың ағымынан қауіптеніп, мүшелікке кіру шарттарын қатаңдатқан болатын.

Алайда, өткен жылдың наурыз айында екі ел әуежайлар мен теңіз порттарындағы бақылаудан бас тартты. Желтоқсан айында соңғы шектеулер де алынып тасталды.