Әзербайжан президенті ұшақ апаты кезінде адамдарды құтқарғаны үшін Қазақстанға алғыс айтты

Автор: Дулат Асель

Әзербайжан Президенті қиын жағдайдан кейін екі ел арасындағы достық пен бауырластық одан әрі нығая түскенін атап өтті

Фото: Ақорда

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде көрсеткен ерлігі үшін Қазақстанға ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы ол Әзербайжан теледидарына берген сұхбатында мәлімдеді. Әлиевтің айтуынша, төтенше жағдай кезінде дәрігерлердің жұмысы да өте маңызды болды, өйткені жарақат алған жолаушылар шұғыл түрде медициналық мекемелерге жеткізілген. 

Әзербайжан Президенті алғысын Қасым-Жомарт Тоқаевқа телефон арқылы жеткізген.  

«Мен білемін, қазақ бауырларымыздың көрсеткен ынтымақтастығы Әзербайжан халқының жүрегінде ерекше із қалдырды. Қарапайым тұрғындар Ақтаудағы біздің консулдыққа келіп, гүл шоқтарын қойып, көңілдерін білдірді, бізбен ынтымақтастық танытты. Нағыз достық пен бауырластық дәл осындай болуы тиіс. Сонымен қатар Президент Тоқаевпен әңгіме барысында Әзербайжанның осы оқиғаға қатысты ұстанымын жеткіздім. Біз халықаралық сараптама жүргізуді қолдаймыз және бұл істі Мемлекетаралық авиация комитетінің қарауына беруге қарсымыз. Бұл ұстаным түсіністікпен қабылданды», – деді Әлиев. 

Сұхбат барысында Әзербайжан Президенті қиын жағдайдан кейін екі ел арасындағы достық пен бауырластық одан әрі нығая түскенін атап өтті. 

«Сондай-ақ мен қайғылы оқиға салдарынан алты қазақстандық азаматтың қаза болуына байланысты Президент Тоқаевқа көңіл айттым. Ол да маған көңіл айтты. Қаншалықты ауыр оқиға болса да, бұл сын-қатер болды. Бұл сынақтан кім және қалай өтетіні маңызды. Тағы да айта кетейін, бұл қайғылы оқиғаға қарамастан, Қазақстан да дәл осындай пікірде екеніне көз жеткіздім және сенімдімін. Біздің достығымыз бен бауырластығымыз осы қиын жағдайдан кейін одан әрі нығая түсті», – деді Әзербайжан Президенті. 

Еске сала кетейік, 25 желтоқсанда Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан Embraer 190 ұшағы Ақтау әуежайынан үш шақырым жерде апатқа ұшырады. 

Ресми мәліметтер бойынша, ұшақ бортында экипаждың бес мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың ішінде 42 Әзербайжан азаматы, 3 Қырғызстан азаматы және 16 Ресей азаматы болды. Апаттан 29 адам тірі қалды