Әзербайжан денсаулық сақтау министрі маңғыстаулық дәрігерлерге алғыс білдірді
Сонымен қатар еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі де медициналық қызметкерлерге алғыс айтты
Әзербайжан Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан дәрігерлеріне ұшақ апатынан зардап шеккен азаматтарға көрсеткен көмегі үшін алғыс хат жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әзербайжан Денсаулық сақтау министрлігінің ресми телеграммасында зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсеткен Маңғыстау облысының дәрігерлері мен жедел жәрдем қызметкерлерінің еңбегі жоғары бағаланды.
«Қайғылы ұшақ апаты салдарынан зардап шеккен қазақстандықтардың отбасыларына және барша қаза болғандардың жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз. Ауыр халде жеткізілген пациенттерге сапалы көмек көрсеткен жедел жәрдем қызметі мен білікті дәрігерлерге ерекше алғысымызды білдіреміз», – делінген алғыс хатта.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі де Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы басшылығына және барлық медициналық қызметкерлерге жедел әрекет етіп, зардап шеккендерге көмек ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді.