Астанада отбасында жанжал шығарған ер адам ұзақ жылға сотталуы мүмкін
Оқиға Астанадағы оң жағалаудағы үйлердің бірінде болған
Елордада полиция қызметкерлері отбасында жанжал шығарған ер адамнан есірткі тапты. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қала полициясына оң жағалаудағы пәтерлердің бірінде жанжал болып жатқандығы туралы хабарлама түскен. Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері дереу оқиға орнына барады. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары тұрғын үйдің кіреберісінде 39 жастағы адамды ұстады. Жеке тексеру кезінде жергілікті тұрғынның шалбарының қалтасынан ақ түсті ұнтақ заты бар 2 байлам табылып, тәркіленді.
Сол жерге полиция қызметкерлері Сарыарқа ауданы ПБ жедел-тергеу тобын шақырды, пәтерді тінту барысында жатын бөлмедегі сөмкеден 168 бума табылды.
Сараптамаға сәйкес, алынған заттар «эфедрон» меткатинон есірткісі болып шықты. Алдын ала мәліметтер бойынша, ер адам есірткіні тарату және құпия орындарға жасыру үшін сақтаған.
Болған оқиғаның жағдайлары тергеу қызметкерлерімен анықталып жатыр. Қазіргі уақытта осы дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді.